Өмірбаян

464 просмотров

1949 жылы Қызылорда облысы Арал ауданы Аралсульфат поселкесінде (қазіргі Жақсықылыш ауылы) дүниеге келген. 1966 жылы осы облыстың Қазалы ауданы Карл Маркс атындағы кеңшарында (қазіргі Бекарыстан би ауылы) орта мектеп бітіреді. 1966-1968 жылдар аралығында кеңшарда жұмысшы болып істеген.

1968 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, оны 1974 жылы ғалым-зоотехник мамандығы бойынша бітіріп шығады.

1974-1978 жылдарда Қызылорда облысы Қазалы ауданы «Қызылқұм» кеңшарында зоотехник-селекционер болып жұмыс істейді. 1978-1980 жж. Қазалы аудандық ауылшаруашылығы басқармасында аға зоотехник, 1980-1988 жж. «Қызылқұм» кеңшарында ферма меңгерушісі, бас зоотехник, кеңшар директоры қызметтерінде болған. 1988 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облыстық мал тұқымын асылдандыру бірлестігінің бас маманы, 1993-2003 жылдар аралығында «Алмас» жеке кәсіпорнының директоры.

«Қызылқұм» шаруашылығында мал басын көбейтуге қосқан үлесі мен төл алудағы жоғарғы көрсеткіштері үшін 1983 жылы Қызылорда облыстық атқару комитеті мен кәсіподақтары облыстық комитетінің біріккен қаулысымен «Қызылорда облысының үздік зоотехнигі» атағы берілген. 1985 жылы кеңшардағы қаракөл елтірісінің сапасын арттырғаны үшін КСРО Бүкілодақтық Халық шаруашылығы Жетістіктері Көрмесінің медалімен марапатталған. 1986 жылы Қазалы аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болып сайланды.

2003 жылдан 2013 жылға дейін Шымкент қаласындағы «Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында» бас маман, ғылыми қызметкер, өндіріс бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді. 2010 жылы «Арал өңіріндегі қара түсті қаракөл қойының гендік әлеуетін арттыру» атты тақырыпта ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғады. Осы жылы Қызылорда облысы бойынша қаракөл шаруашылығын дамыту жөніндегі монографиясы жарыққа шықты. Мал шаруашылығының мамандары мен жоғарғы оқу орнының студенттеріне арнап жазылған «Қазақстандағы түйе шаруашылығы» (Алматы-2011), «Қазақтың қос өркешті түйесінің тұқымын асылдандыру жөніндегі ұсыныстар» (Алматы, Бастау баспасы-2011), «Қазақстандағы түйе шаруашылығының альбом-атласы» (Шымкент-2012), «Тазақанды түйелердің селекциясы мен бонитировкасы» (Алматы, Ғибрат баспасы-2012) кітаптары авторларының бірі. Сонымен қатар отыздан астам ғылыми және ғылыми-публицистикалық мақалалар жазған. 2014 жылы өмірбаяндық негізде жазылған «Өткен күннен белгі бар» (Шымкент, Ернияз баспасы) кітабы жарық көрді.

Қазір Шымкент қаласында тұрады. 2016 жылдан «Түйе тұқымдары» Республикалық палатасының атқарушы директоры болып жұмыс жасайды.

Алты бала тәрбиелеп өсірген жұбайы Теңелова Жұмагүл «Күміс алқа» иегері.