Галерея

7 951 просмотров

Comments Box SVG iconsUsed for the like, share, comment, and reaction icons

1 ай артқа

Mynbirsoz.kz

ТАРИХ

Нағашылар мекені Қарабұтақ

Анам Рысжан Қалдыбайқызы Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданында дүниеге келдім деп айтып отырушы еді. Бала кезімнен көптеген әңгімелерін есітіп өстім. Соның бірі нағашы атам Құлман ұста жөнінде.
Құлман атам белгілі ұста болыпты. Қазақтың «темірден түйін түйген» деген сөзі осындай жандарға арнап айтылған шығар. Шеберлігі туралы ел ішінде «Құдай ұста ма, әлде Құлман ұста ма?» деген сөз қалған көрінеді. Үстаханасы кейінгі ұрпағына мұра болып, Түймебай атты немересі атасының ісін жалғастырған екен. Осы ұстахана жөнінде анамның айтқан бір әңгімесі есімде.
«Бес-алты жастағы кезім болса керек, бір топ бала ойнап жүріп ұстаханаға кіріп жасырындық. Іші қараңғы. Мен темір-терсекке сүрініп құлағанымды білемін, одан кейінгісі есімде жоқ. Есімді үйде жинадым. Бет-ауызым күп болып ісіп кеткен. Сүйтсем, төс темірдің қырына бетіммен құлаған екенмін. Осы уақиғадан кейін ұста дүкеніне жоламайтын болдым».
Анам тоғыз жасқа келген кезінде елінде жұт болып, төртқаралар Сыр бойына қарай ығысады. Осы көшпен бірге нағашы атам да Қазалы жеріне келген екен. Кейін, ел тойынғасын, төртқаралардың көбісі, ішінде нағашы атам да бар, Қарабұтаққа қайта көшіп кеткен. Бұл кезде анам әкеме тұрмысқа шыққан екен, осы уақыттан бастап төркінінен көз жазып қалады.
1930-шы жылдары Қазақстанда бірнеше жерде көтеріліс болғаны белгілі. Соның бірі атақты Асан көтерілісі. Әкем осы көтеріліске қатысады. Көтеріліс басылғаннан кейін әйелі мен бесіктегі алты айлық қызын алып Арал теңізі арқылы Қарақалпақстанға өтіп кеткен. Сондағы Мойнақ портында жұмыс істейді. Соғыстан броньмен қалған. 1945 жылы соғыс бітіп, ел есін жинағаннан кейін Арал қаласына қайта көшіп келеді. Мен Аралдың түбіндегі Сульфат аталатын жерде (қазіргі Жақсықылыш ауылы) 1949 жылы дүниеге келіппін. Нағашыларым туралы анамның айтуымен ғана білетін едім.
Ата-бабамыздың бейіттерін іздеу мақсатында 2023 жылы «Аталар мұрасы» атты қоғамдық бірлестік құрғанбыз. Осы бірлестіктің жұмысымен Ақтөбе облысына барғанымда Қарабұтақ ауданынан нағашыларымды іздестірдім. Арада көп уақыт өтпей олардың ұрпақтарын таптым, Ақтөбе қаласы мен маңындағы ауылдарда тұрып жатыр екен. 2023 жылы балам Алмасбек екеуіміз Бөгетсай ауылында болып, нағашыларыммен табыстым. Қазір хабарласып тұрамыз.
Жақында жол түсіп Ақтөбеге барып қайттық. Қасымда әйелім Жұмагүл мен Гүлназым атты қызым болды. Нағашыларым және бөлелерім күтіп алды. Қазан айының 9-10 күндері Ақтөбе қаласы мен Бөгетсай ауылында болып, 11 қазан күні Көктау ауылының маңындағы Тұймебай ұстаның мазарына бардық. Басына тілеухана салынған. Құрбандық шалып, әруағына бағышталып құран оқылды. Осы іс-шараға Құлман ұстаның ұрпақтары түгелге жуық қатысты.
Қайтар күні Әліби бөлемнің үйінде болдық. Әңгімелесе отырып ұстахананың кейбір заттарын сақтап жүргенін айтты. Мен қызығып: «Қандай заттар?»- деп сұрадым. Әліби: «Ұста дүкенінің төс темірі мен қысқашы менде сақтаулы»- деді. «Қазір бар ма?». «Ия, бар, гаражда тұр». Осыдан кейін шыдап отыра алмадым, көрсетуін өтіндім.
Ескі төстемір гараждың бір бұрышында тұр екен. Әлібиден төсті есіктің алдына жақындатуын сұрадым – жарыққа шығарып анықтап көргім келді. Атақты Құлман ұстаның қолынан шыққан, кейін Түймебай ұста пайдаланған осы төстемірге маңдайымды тигізіп, тәу еткім келді. Сосын суретке түсіріп алдым. Осылайша, ойламаған жерден анам айтқан төстемірді көріп, нағашыларымның рухымен кездескендей күйге түстім. Осындай сезімде болдым.
Күнделікті күйбең тіршіліктің әлегімен кейде кей нәрселерге мән бермейтініміз бар ғой, уақыт өткеннен кейін ғана «әттеген-ай...» дейміз. Бұл жолы олай жасамай, ғасырдан астам уақыт нағашыларыма қызмет еткен ескі жәдігер – ұста төстемірін көзіммен көріп, қолыммен ұстап тәу еткеніме риза болып аттандым.
Суретте: 1) Түймебай ұста мазарының басында; 2) Құлман мен Түймебай ұсталардан қалған төстемір.

Шымкент-Ақтөбе-Бөгетсай-Көктау-Түймебай мазары-Шымкент. 9-12 қазан, 2025 жыл.
... Толығырақ көруПост мәтінін қысқарту

Шымкент-Ақтөбе-Бөгетсай-Көктау-Түймебай мазары-Шымкент. 9-12 қазан, 2025 жыл.Image attachment

3 ай артқа

Mynbirsoz.kz

ЕСТЕЛІК

Әкем мен анам туралы

Әкем ортадан жоғары бойы бар, қапсағай келген, адамға көзін қадап сөйлейтін кісі еді. Өте қарулы болатын. Біз Карл Маркс атындағы кеңшарда тұрғанымызда бақшаны қалай еккенін ауыл адамдары осы күнге дейін жыр қылып айтады. Кейбір құрдастары әкемді "бульдозер Ахмет" деп атайтын. Сол кездері жасы жетпістен асқан еді. Ауылда бәрі де бақша салады, бәрі де жоңышқа егеді, бірақ әкемнің жасаған тірлігі ерекше болатын! Бізбен көрші ферма бастығы Айдаулет ағамыз бақшалық жерін бульдозермен тегістетсе, әкем одан екі есе жерді күрекпен аударып, кетпенмен тегістейді.
Қазалы уезіндегі ұжымдастыру кезеңінде Қара арық, Боз арық, Қарлаң каналдары қазылып, жұмысқа көптеген адамдар жұмылдырылған. Жас әрі қайратты әкем күнделікті нормасын артығымен орындап жүрген көрінеді. Осындай күндердің бірінде топырақты бірнеше өткелектен өткізіп сыртқа шығарып жатқан жұмысшыларға канал жиегінде тұрған өкіл:
- Решке өткелексіз жеткізген адамға сыйлық беріледі,- депті.
Бұл да жарыстың бір түрі болса керек, талап қылушылар аз болмапты. Солардың ішінде решке жеткізгендері де болыпты. Канал түбінде тұрған әкем кетпеніне іліп алып лақтырғанда, топырағы атты өкілдің үстінен асып барып шашырамастан жерге түскен екен. Риза болған өкіл: «Канал қазуда алдына жан салмаған Панаев Ахметке екі пұт бидай мен бес метр жібек мата сыйға беріледі» деп жариялапты. Ол заманда таптыра бермейтін осы тұқымдық бидай мен матаны әкем сол күні үйіне әкеліп беріп кеткен көрінеді.
Темекі шекпейтін және насыбай атпайтын адам еді. "Насыбай атпағаным үшін ұялған жерім бар"- деп отыратын. Бір бейтаныс адам насыбай сұрапты, көкем насыбай атпайтынын айтады. Әлгі адам: "Мына қоңқиған мұрныңның рахатын көрмеген адам екенсің ғой!"- деп кетіпті. Тағы бір ерекшелігі - мұрт қоймайтын, сақал ғана өсіретін еді. "Әкем сақалды осылай қоятын"- дейтін.
Көңілді кезінде қара домбырасын қолына алып жәйлап қана ән салатыны бар, көбінесе айтатыны Ақанның "Қараторғайы".
«...Ұшады Қараторғай қанат қағып,
Астына қанатының маржан тағып.
Кішкентайдан қолда өскен балапаным,
Айрылдым қапияда сенен неғып?
Қараторғай, ұштың зорға-ай.
Бейшара, шырылдайсың, жерге қонбай...»
Ежелеп кітап оқитын сауаты бар болатын. Кеңес үкіметі сауатсыздықты жою науқанын жүргізген кезде (ликбез) қызыл отауда оқып, аздаған жазу-сызу үйреніпті.
Көбінесе мақалдап сөйлейді және олардың айтылу себептерін түсіндіріп отыратын еді. Мысалы: "Арғымақ жығылса жөніне кетеді, жабы жығылса көріне кетеді"- атақты адамдардың кемшіліктері елене бермейді, қарапайым пенделердің жіберген қателіктері кешірілмейді деген мағынада; "Ақет өсті де Құлеттің қолы ұзарды"- Ақет әкесі, Құлет баласы екен; баласы жалқау болса керек, оның істейтін жұмысына әкесі жүгіретін көрінеді, сол себептен халық арасында осындай сөз қалған; "Шешем тіккіш, мен сөккіш"- олақ қыздың айтқан сөзі көрінеді; "Адам адамнан құтылады, бірақ қылығынан құтылмайды"- адам баласы бір-бірінен айрылса да істеген істері ұмытылмайды деген мағынада; "Көн қатса қалыбына барады"- жөнге, тәрбиеге көнбеген адамға айтылған сөз; "Жақсы адам жүрісінен пұл болады, жаман адам жүрісінен құл болады", "Құс баласы Қырымға қарайды, ит баласы жырымға қарайды", "Жақсыдан шарапат, жаманнан кесапат"- адамның қандай екендігіі оның істеген ісінен, жүріс-тұрысынан белгілі болады дегенді білдіреді; "Біреуге өлім тілегенше өзіңе жүрім тіле"- біреуге жамандық ойлағанша, өз басыңа пайдалы іс істе; "Бойы өседі десе мұрны өседі, ақылы енеді десе бетіне секпіл түседі"- баласының ісіне көңілі толмаған қазақтың айтқан сөзі көрінеді; "Ат пен есекті қатар байласаң, атты есектің тәпсісі ұрады"- жаман адамның қасында жүрсең, теріс қылықтары жұғады...
Бұдан басқа сөз арасында "Асты қорлама - құстырар, ерді қорлама - тыштырар", "Нені қор тұтсаң, соны зор тұтарсың", "Баланы жастан, әйелді бастан, ауру астан, дау қарындастан, сараңдық жұғысады ауылдастан", "Қалған көңіл шыққан жанмен бірдей", "Жын да бейімді ұрады..."- деп айтып отыратыны бар.
Есейіп, қызметке араласа бастаған кезімде әкем айтушы еді: "Балам, былай болма (алақанын толық ашатын), былай да болма (алақанын жұматын), былай болуға тырыс (алақанын су тұратындай шұқырлап көрсететін). Қолыңдағы дүниені есепсіз шашсаң дарақы атанасың, еш нәрсе шығармасаң сараң атанасың. Бәрінің алдында боламын деп те ұмтыла берме - бәле-жала үйір болады, топтың соңында да қалма - қатарыңнан кем боласың. Сондықтан, жуан ортадан орын алғаның дұрыс. Бұл сөзді мен ойдан шығарып отырғаным жоқ, әкемнің маған айтқанын айтып отырмын". Мен әкемнің осы айтқандарын естен шығармауға тырыстым.
Әкемнің айтуынша атам Сегізбайұлы Пана мешітте (Алтай ишанның) сопы болыпты. Кейбір ақсақалдардың: «Пана атаң басына ақ сәлдесін орап, үстіне ақ көйлегін киіп алып, дәу ақ есекке мініп жүруші еді, жарықтық...» деген сөздерін естігенмін. Соған қарағанда өте діндар адам болса керек.
...Анам бәкене бойлы, қараторы өңді, қағілездеу келген адам болатын. Әңгімесі керемет қызық болушы еді. Бала кезімде анамның қойнында жатып ертегі мен өлең тыңдауды ұнататын едім.
…Пар-пар деген құс болар,
Қауырсыны бос болар.
Екі жақсы дос болар,
Жақсыға жаман қас болар.
…Бай баласы байбатша,
Өңірі тола зер болар.
Кедейдің ұлы керімсал,
Соған жетсем дер болар.
…Мұратына жеткен шағында,
Отырған жері төр болар.
Жете алмаған кезінде,
Көкірегі тола шер болар.
…Аз күн жалған дүниеден,
Өткесін бәрі тең болар.
Бай-жарлыңа қарамай,
Жатары құлаш жер болар…- деген үзік-үзік өлең жолдары құлағымда қалыпты. Бұл өлеңдердің кімдікі екенін білмеймін, кейін де еш жерден кездестірген емеспін.
Құдабай нағашым ескіше хат таныған адам екен, анамды үйінде өзі оқытыпты. Анам ертегі-хиссалар мен өлең-жырларды жатқа айтып отыратын еді, арасында маған да үйрететіні бар. Бала кезіңде естігенің ұмытыла бармейді ғой, кейбір айтқандары әлі күнге дейін жадымда.
- Кімнің құлысың?
- Құдайдың құлымын.
- Кімнің үмбетісің?
- Пайғамбардың үмбетімін.
- Кімнің досысың?
- Шадиярдың досымын.
- Кімнің құзырындасың?
- Имам Мағзамның құзырындамын.
- Иманың неше қысым?
- Иманым екі қысым: бір иманым пассал, бір иманым нажмал.
"Үш Құлһуалла мен бір Әлһамды" мектепке дейін-ақ шешемнің айтуымен жаттаппын. Кейін құран сүрелерін қолыма алып оқығанымда (90-шы жылдары), бала кезімде жаттаған сол сөздер есіме қайтадан оралды.
"Басқаның ала жібін аттаушы болма, кісі ақысын жеген күнәһар болады», «Әлсізді жәбірлесең обалына қаласың», «Өзіңнің маңдай теріңмен тапқан табысың ғана бойыңа жұғады..."- деп айтып отырушы еді.
Анам Рысжан Қалдыбайқызы кіші жүз әлім, оның ішіндегі төртқара руынан. Төртқарадан да атақты адамдар көп шыққан. Бұл жөнінде иісі қазаққа танымал Әйтеке би мен Самарқанды отыз жыл билеген Жалаңтөс батырды айтсақ та жеткілікті болар. Анамның өзінің айтуы бойынша төртқараның ішіндегі сексені, оның ішінде тұғыры. Тұғырдан Қаракісі, одан Тайжер туады екен. Анам: «Менің туған әкемнің аты Қалдыбай, бірақ мен әкемнің ағасы Қүдабайдың қолында тәрбиелендім» дейтін. Әкесі Қалдыбай үш ағайынды болған: Құдабай, Қалдыбай, Түймебай. Құдабайдан Жәния атты қыз, Қалдыбайдан менің шешем мен Үржан атты қыз (Үржан апамның атын осы кісімен аттас қойған) туады. Ер балалары болмаған. "Түймебайдан Нығмет деген жалғыз ұл бар, Ақтөбенің Қарабұтақ ауданында тұрады екен" деп айтып отыратын еді. Қалдыбайдың әкесінің, яғни менің арғы нағашы атамның аты Аманбай.
Оның әкесі Құлман деген нағашы атам атақты ұста (зергер) болған дейді. Дүкен ұстап, түрлі тұрмыс заттарын, қолөнер бұйымдары мен ат әбзелдерін соққан. Алыстан келіп ұзатылатын қыздарына сақина, білезік, сырға соқтырып жатады екен. Атақты ұста болған дейтін себебім анамның мына әңгімесі есімде. Бір бай адам Құлман нағашыма тайқазан соқтырыпты. Дайын болған қазанды көрген әлгі бай: "Ойпырмай! Құдай ұста ма, әлде Құлман ұста ма?!"- деп таң қалған екен. Осы сөз ел ішіне тарап кеткен.
Шешемнің туылған жері Ақтөбе облысының Қарабұтақ ауданы. Анам он жасқа келгенде елінде жұт болып, төртқаралар Сыр бойына қарай ығысады. Сырдың Аралға құяр жеріндегі қалың асанның ішіне келіп орын тепкен. Он алты жасқа толған кезінде әкеме үйленеді. Кейін ел тойынған кезде төртқаралардың көбі (соның ішінде менің нағашыларым да бар) өздерінің ата мекеніне қайта қөшіп кеткен.
Өкінішке орай мен нағашыларыммен қатыса алмадым. Нағашы атам Қалдыбай ертеректе қайтыс болған екен, ер баласы жоқ. Анаммен бірге туған Үржан мен әкесінің бауыры Айқын апайы менің бала кезімде келіп-кеткендері есімде бар. "Түймебайдың баласы Нығмет нағашыңа көзімнің тірісінде апарып жолықтырам…"- деп анам армандап отыратын еді. Ол арманына жете алмай кетті. Осылайша, мені нағашы жұртпен жалғастыратын жіптің ұшынан айырылып қалдық.

«Өткен күннен белгі бар» («Ернияз» баспасы, Шымкент, 2014 жыл) кітабынан үзінді. Толық нұсқасы www.mynbirsoz.kz сайтында
... Толығырақ көруПост мәтінін қысқарту

3 ай артқа

Mynbirsoz.kz

АТАЛАР АМАНАТЫ
«Аталар мұрасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің іздестіруімен 2024 жылы Ақтөбе облысы Шалқар ауданынан Кішкенеұлы Асан атаның бейіті табылды. Бұл жөнінде кезінде бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған болатын. Биылғы жылдың 14-16 тамызы аралығында Қызылорда облысының Қазалы ауданында тұратын ұрпақтары бейіттің айналасын қоршап, басына белгі орнатты. Осыдан кейін қыркүйектің 6-сы күні Қазалы ауданындағы Бекарыстан би ауылының мешітінде Асан атаға арналып құран бағышталды. Бұл рәсімге бабамыздың 200-ден астам ұрпағы қатысты және Астана, Ақтөбе, Шымкент, Қызылорда, т.б. қалалардан қонақтар болды.
Мәдениет үйінде «Аталар мұрасы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы жөнінде төраға Ислам Ахметұлының мәлімдемесі тыңдалды. Алдағы уақыттағы жұмыстардың бағдарламасы айтылды. Қатысушылар пікірлерін білдіріп, істелген жұмыстарға оң бағаларын берді. Бекарыстан би ауылының тұрғыны Қожақов Төребай келесі жылдың мамыр айында Асан атаға ас беру жөнінде ұсыныс жасады. Бұл ұсынысты жиынға қатысушылар тегіс қолдады.
«Аталар мұрасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы АХМЕТ Ислам. 09.09.2025 ж.

   «Аталар мұрасы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы АХМЕТ Ислам. 09.09.2025 ж.Image attachment

3 ай артқа

Mynbirsoz.kz

... Толығырақ көруПост мәтінін қысқарту

3 ай артқа

Mynbirsoz.kz

ТЫЛСЫМ ДҮНИЕ
Асланбектің әңгімесі
- Аға, бұл сапар ерекше есімізде қалды!- деп қуанышты үнмен сөзін бастады Асан атаның бейітін қоршауға қатысқан жігіттердің бірі Асланбек Әділбекұлы,- менің машинама 120 метр темір шартақ, басқа да керекті заттар тиелді. Марат ағаның джип машинасына өзімен бірге бес адам жайғасты. Осылайша, тамыздың 13 күні сегіз адам болып Бекарыстан би ауылынан жолға шықтық. Баратын жеріміз Ақтөбе облысы Шалқар ауданындағы Тоғыз разьезінен 15 шақырым жердегі Асан бейіті. Мақсатымыз бейіттің айналасын қоршап, басына белгі орнату. Оған дейін 265 шақырым жол бар, оның 160 шақырымы Сексеуілге дейін асфальт, қалған 105 шақырымын дала жолымен жүреміз. Тоғыз разьезінінің тұсында жүк машинасы үшін бір қауіпті жер бар, ол жерден өте алмасақ айналма жолмен жүруге тура келеді. Ол жағдайда жолымыз ұзара түспек. Осыны ойлап келе жатқанмын. Жақындағанда байқадым - әлгі жерді бульдозермен тегістеп қойыпты. Бұндай қуанбаспыз (әрі таң қалдық). Кейін білдік - жол жөндейтін бригада бір күн бұрын жөндеп кеткен екен.
Бейітке жақындағанда табан астында жауын басталды. Бір сағаттай селдетіп жауды. Бұл биылғы жаздағы үш ай құрғақшылықтан кейінгі алғашқы жауын болатын. 60 шартақты орнату үшін алпыс шұңқыр қазуымыз керек еді, қатып қалған топырақты жібітетін болды деп бұған да қуанып жатырмыз.
Ең қызық және есте қаларлық жағдай қайтарда болды. 16 тамыз күні жұмысты бітіріп, бейіттің айналасын тазалап болғаннан кейін жолға шықтық. Асан төбенің баурайына түсе бергенімізде аспанда бүркіт пайда болды. Бүркітті талай көріп жүрміз ғой, бірақ мына құс ерекше үлкен. «Бейіттің басында ұя жоқ, бұл қайдан келді?»- деп ойланғанымша болмады, тура алдымызға келіп жолдың үстіне қонды. Қанатын қомдап, бізге тура қарап отыр. Құспен екі арамызда 20 метрдей қалғанда амалсыздан машинаның тежегішін бастым. Тоқтадық. Не істерімізді білмей отырмыз. Бір кезде бүркіт қанатын жайып бірнеше рет қақты да, аспанға көтерілді. Осыдан кейін бірте-бірте биіктей ұшып көзден ғайып болды. Мына оқиғаға таң қалғанымыз соншалықты, бұл көріністі видеоға түсіріп алу да ойымызға келмепті. Міне, осындай кереметтің куәсі болдық, аға! Бұны екі машинадағы сегіз адам түгел көрдік- деді Асланбек.
- Шынымен таң қаларлық жағдай екен?! Өзің бұл жөнінде қалай ойлайсың?- дедім.
- Менің ойымша ата-бабалардың әруағы риза болғанын білдіріп, құс болып көрініп жүрген шығар? Басқаша қалай ойлауға болады, аға!
Оның бұл пайымдауына мен де қосылдым. Шынында да осының бәрінің кездейсоқ болуы мүмкін емес қой!
Суретте: Асан ата бейітін абаттандыруға қатысқан бір топ ұрпақтары.
... Толығырақ көруПост мәтінін қысқарту

тағы жүктеу